Шпекбаев мемлекеттік қызметкерге қай уақытта джинсы киюге болатынын айтты

Мемлекеттік қызметкерге демалыс күндері жұмысқа джинсы немесе спорттық киіммен баруға бола ма? Бұл сұраққа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары egov.kzпорталында өткен интернет-конференция кезінде жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Демалыс күндері мемлекеттік қызметкерге орталық мемлекеттік органға соғып кету керек болса, ол джинсы немесе спорттық киім киіп барғаны үшін жауапкершілікке тартыла ма?», - деп сұрады Ражман Айтолқын.

Алик Шпекбаев сұраққа жауап берместен бұрын Этикалық кодекстегі мемлекеттік қызметкердің моральдық-адамгершілік келбетіне қойлатын талаптар туралы айтып берді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкердің қызметтік міндетін орындау кезіндегі сыртқы келбеті іскерлік стилге сай болуы тиіс. Ал демалыс күндері джинсы киіп келгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартудың еш қисыны жоқ.

«Біз мемлекеттік қызметкерді демалыс күндері жұмысқа джинсы немесе спорттық аяқ киіммен келгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартудың қажеті жоқ деп есептейміз. Этикалық кодекстің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметкер жұмыстан тыс уақытта көпшілік мақұлдаған моральдық-адамгершілік нормаларды ұстануы, теріс қылыққа жол бермеуі тиіс», - дейді Алик Шпекбаев.