ШҚО әкімі Семейде радиологиялық орталықты салу мерзімін ұзартып жіберген мердігерлерді жазаламақ


"Даниал Ахметов Семей қаласында аймақтық онкологиялық диспансер базасында салынып жатқан радиологиялық орталықтың радионуклидті диагностика және терапия бөлімінің құрылысын жылдам аяқтауды тапсырды”, делінген ШҚО ақпарат орталығынан таралған ақпаратта.
Нысанды аралау кезінде аймақ басшысы мердігерлерге біршама ескерту жасап, облыстық құрылыс, сәулет басқармасына "Медтехника" АҚ үстінен міндеттерді орындамағандығы үшін сотқа арыз беруді тапсырды.
"Орталық бірегей медтехникамен жарақтандырылуға тиіс. Орталықтан көмек күтіп отырғандар бар, ал сіздердің тірліктеріңіз сорақы”, деді ол.
Радиологиялық орталық бөлімшесінің құрылысы 2012 жылы басталған, оны 2014 жылы аяқтау көзделген еді. Ғимараттың жалпы алаңы 5 мың 819 шаршы метр.