ШҚО құтқарушылары қар құрсауынан 78 адамды эвакуациялады

Бүгін таңертең құтқару қызметіне қар құрсауында қалған адамдардан ақпарат келіп түсті. Боран салдарынан 2 жолаушылар автобусы, бірнеше жеңіл, жүк көліктері қардан шыға алмай қалған. Жоғары өтімді техникамен оқиға орнына Жарма ауданы ТЖБ қызметкерлері жетті. Құтқарушылар 78 адамды эвакуациялады, олардың ішінде 3 бала бар. 7 жеңіл көлігі, 2 жүк көлігі қар құрсауынан босатылды.

Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасу үстінде. Оқиға орнында ӨБ-55-тен 3 адам жұмыс істеуде.

ТЖ департаментінде хабарланғандай, Аягөз ауданында «асқазан жарасы ұстамасымен» зардап шеккен адамға көмек көрсетілді. Дәрігерлер оқиға орнына шығуы мүмкін болмағандықтан, аудан құтқарушылары өтімділігі жоғары көлікпен  науқасты орталық аудандық ауруханаға жеткізді.