Құтқару қызметінен берілген жедел ақпаратқа қарағанда, сағат 17.00-де 6 учаскеде құтқару жұмыстары жалғасуда.
Алматы - Өскемен тас жолының 20 шақырымында құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған жеңіл көлікті құтқарды. Ұлан ауданында санитарлық авиация дәрігерлері жаңа босанған әйел мен жолда туған сәбиді перзентханаға жеткізді. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Жолда тұрып қалған Өскемен-Барнаул рейстік автобусы Бородулиха ауданына жеткізілді.
Қалған учаскелерде де құтқару жұмыстары жалғасуда. Шар-Семей тас жолының 35 шақырымында 30 шақты көлік қар құрсауында тұр. Жарма ауданының екі жол техникасымен қозғалыс үшін жағдай жасалынып, күре жол қардан тазартылуда.
Семей - Қайнар тас жолының 47 шақырымында ондаған көлік қар құрсауында қалып қойды, грейдер жұмыс істеуде, адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін МТЛБ ОПС-2 көлігі шықты.
Семей - Өскемен тас жолының 105 шақырымында 15 көлік қар құрсауында қалды, адамдар жол бойындағы дәмханаға орналасты, тас жолдың 28 және 48 шақырымында жүк көліктері де қиындыққа тап болды. Жолды екі қар тазалау көліктері тазалауда. Адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін КУНГ ОПС-2 көлігі шықты. Қазіргі уақытта 15 адам құтқарылды.
Тағы 3 жолда ондаған көлік қар құрсауында қалып қойды.