ШҚО-да алаяқтар Германияда туысы бар зейнеткерлерді сан соқтырған

Глуховка ауылында тұратын 76 жастағы Антонина Шварц шарасыздықтан көз жасын төгуде. Осыдан бірнеше күн бұрын өз қолымен алаяқтардың қолына 30 мың теңге қалай салып бергенін әлі түсіне алмай дал.

Антонина Шварц, Зейнеткер:

- Менімен сөйлескенде немісше акцент болғанын байқадым. Германияда тұратын қызымнан базарлық алып келдім деді. Оны кеден бекетінен өткізу үшін ақша керек деп, алып кетті. Сол күйі оны көрген жоқпын.

Көрші Стеклянка елді-мекенінде тұратын зейнеткер Фаина Худякова да дәл солай 22 мың теңгесінен қағылды. Ақсақалымен үйде отырғанында  бейтаныс адам келіп, өзін Германиядан екенін айтыпты. Сол жақтағы туыстарынан әкелген базарлығы барын да жеткізген.

Фаина Худякова, Зейнеткер:


- Кеден бекетінде қалған көлігін шығару үшін 100 мың теңге керек деді. Қолымда болған ақшаны ұстаттым. Ол үш сағаттан кейін келіп, қарызды еуромен қайтарам деп, сол күйі оралмады.

Алаяқтардың арбауында қалғанын енді ғана түсінген қарттар оның бет-әлпетін еске түсіруде. Аңғал қарияларды алдағандар ертелі-кеш ұсталатынынан үмітті.

Ішкі істер департаментіндегілер қариялардан ешбір арыз түспеген соң қозғалмадық деп отыр. Енді бүгіннен бастап алаяқтардың ізіне түсеміз деп уәде берді. Сондай-ақ зейнеткерлердің Германиядағы туыстары жайлы ақпарат қылмыскерлердің қолына қайдан түскенін де анықтауы тиіс. Ал оған дейін қарттар сақ боп, мұндай жағдай орын алғанда дереу 102 номеріне хабарласуға болатынын да жеткізді.