Елді мекенге өткен жазда «Таза су» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 270 миллион теңге бөлініп, құбыр тартылған. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, мердігер компания міндетін дұрыс атқармаған. Құбыр салу үшін қазылған арықтардың бойына жиналған жаңбыр суы енді бүкіл ауылға жайылды, деп хабарлайды 24.kz.
Қуандық Шәкейдің үйіндегі жерқоймасына құйылған суды арнайы құралмен сорғызып жатыр. Аяқ асты су басқанда, қысқа сақтаған азық-түлігін де толық шығарып үлгермеген. Отағасы бастапқыда судың көзі қайдан келіп жатқанын түсінбеген. Құбыр тарту үшін қазылған жыра арқылы аққан су әуелі ойпаң жердегі үйлерді басқан.
Қуандық Шәкей, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
– Мына шлактан салынған үй судың бәрін сорып алды. Ол енді құлайды. Аяз қысқанда, қайта жарылады. Мына жерде көршінің үйі бар. Су оның ар жағындағы көршілерге кетіп жатыр.
Соңғы үш тәулікте өңірде күн райы күрт жылынып, жылы жаңбыр жауды. Таулы аймақта биыл қар аз болса да, ол жаңбыр суымен араласып, бұлақ болып ақты. Ал ауылға осы жазда 27 шақырым су құбыры тартылған. Құбыр әлі іске қосылмаса да, оның бойымен аққан су үйлерге кіріп жатыр.Қазір ауыл іші аяқ алып жүргісіз, астаң-кестең.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары кешеден бері үйлер мен көшедегі кәріз жүйелеріне толған суды арнайы құрылғымен сорғызып жатыр.
Болатбек Тоқталғазин, Ұлан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
– Таудың суы жоғары жақтан келіп, құбыр салынған арнаға. Кешеден бері мың текше метрден артық су шығарылды. Қазіргі кезде тағы техника шықырылды.
Су құбырын тартуға тапсырыс беріп, мемлекеттік комиссия өткізіп, қабылдап алған аудандық коммуналдық кәсіпорын басшысы осындай келеңсіздіктің болатынын біліпті. Бірақ мердігер компаниядан неліктен қабылдап алғаны түсініксіз.
Айдар Қилыбаев, Ұлан аудандық МКК директоры:
– Біз мұны қыста істейміз деп жоспарлағанбыз. Барлығын білдік. Енді қай жерден ағып жатқанын анықтап, сол жерді бөгейміз. Мердігер техника алып келді.
Арықтан аққан суды тоқтату үшін құбырды тартқан мердігер компания өкілдері ауылға қайта шақырылды. Ал су басқан үйлердің сапасын ауданнан құрылған комиссия анықтамақ.