Осыдан бір ай бұрын қос аяғына операция жасалған Жомартты бүгін туыстары алып қайтуға келді. Кеше ғана қол-аяғы балғадай болған жігіттің қазір төрт мүшесі түгел емес. Бұған дейін бір жылдай өзін жайсыз сезініп, аяқтарының қан тамырлары сыздап ауырған екен. Қыркүйекте қалалық ауруханадан арнайы жолдама алып, облыстағы дәрігерлерден ем қабылдауға келіпті. Ал ондағылар көп ойланбастан екі аяғын кесіп тастаған.
Жомарт Өмірзақов, Риддер қаласының тұрғыны:
-Кейде қатты ауыратын. Ауруханаға жатып, ем алып шығатынмын. Тағы да ем алайын деп барғанымда аяғымды кесіп тастағапты. Маған дәрігер егер аяғыңды емдесек бүйрегің шыдамай, өліп кетуің мүмкін деді.
Аяғының бір-екі күре тамыры жарылғаны болмаса, жігіт ағасының атеросклерозға шалдықанына туыстары әлі сенбейді. Әдетте іріңдеп кеткенде ғана қолданылатын соңғы шараға барған дәрігерлерді олардың енді атарға оғы жоқ.
Бақытжамал Есікеева, Ж. Өмірзақовтың қарындасы:
- Еңгезердей еркекті мүгедек қылды дәрігерлер. Енді оның өмірі не болмақ? Бүгінге дейін сексендегі анамызға қамқор болып жүрген, енді міне, өзі жарымжан болып қалды.
Ал дәрігерлер әдеттегідей өздеріне шаң жуытар емес. Аяқты кеспесек, асқынған аурудың арты қиын болуы мүмкін еді деп отыр.
Сейітқан Баянбаев, Риддер қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Үлкен қан тамырлары біткен екі аяғының да, сондықтан, осындай ампутациямен бітер еді бәрібір. Ерте ме, кеш пе, ол аяғынан айырылар еді.
Осы уақытқа дейін кенші болып еңбек еткен Жомарт осылайша мүгедек арбасына таңылды. Аяқ-қолы сау жігіттердің өзі жұмыс таппай отырған уақытта жарымжан азамат енді кімнен көмек сұрарын білмейді.