ШҚО-да өрт сөндірушілер үш күннен бері дала өртімен арпалысуда

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары үшінші тәулік қатарынан даладағы өртпен күресуде. Ұлан, Аягөз, Жарма және Күршім аудандарында дала отқа оранған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс аумағында бірнеше күн бойы қырық градустық аптап ыстық болуда. ТЖ департаменті хабарлағандай, өрттің шығу ошағы бірден бірнеше ауданда тіркелген. Қазіргі таңда мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің күші мен техникалары 8 учаскеде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті ауыздықтауға 10 өрт сөндіру машинасы тартылып, жеке құрамның 60 адамы жұмылдырылды.