ШҚО-да Қазақстандағы тұңғыш медициналық робот техникасы орталығы ашылады

Шығыс Қазақстанда медициналық робот техникасы орталығы мен трансплантология орталығы ашылады. Бұл туралы облыстық маслихат сессиясында Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған үш жылдық кешенді жоспарға сәйкес, өңірдегі медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта межеге алынған жоспарлардың бірі – Қазақстандағы тұңғыш робот техникасы орталығын ашу.

– Дәрігерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жоба. Олардың жоғары біліктілігі іс жүзінде тәжірибеде қолданылғаны қажет. Облыста сонымен қатар, трансплантология орталығын да ашу қажет, - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Айта кетейік, облыста онкология, қан айналым жүйесі аурулары, ана мен баланы қорғау, травматология сияқты маңызды бағыттар бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарлама да жемісті нәтижесін беруде. 150 маман ағылшын тілін меңгеріп, олардың көбі шетелдік жетекші оқу орындарында машықтанудан өтіп жатыр. Даниал Ахметов атап өткендей, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі ұлғаймаса, қысқармайды. Бірнеше жылда ШҚО-да сапалы, жаңа бағыттағы медицина қалыптасып, жаңа мекемелер ашылмақ, олардың ішінде Семейдегі ядролық медициналық орталық бар.