ШҚО-да шағын ауылда 50 бала сары ауруға шалдығып, біреуі қайтыс болды

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Шолпан ауылында сарыауру індеті өршіп барады. Былтыр күз айында басталған жұқпалы дертпен бүгінде 50-ге жуық оқушы ауырған. Тіпті адам өлімі тіркеліп үлгеріпті. 11 жастағы жеткіншек ауруы асқынып көз жұмған, деп хабарлайды 24 хабар. 

1400-ге жуық халқы бар Шолпан ауылының тұрғындарынан күзден бері маза қашқан. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп оқушылары ішінде сарыауру тарала бастапты. Содан бері аудан әкімдігі мен жергілікті дәрігерлер қаншама жанталасқанымен, жұқпалы дерттің беті қайтпай тұр. Ал Индира Жәнібекова "баламды аудандық аурухана қабылдамай, ауылда амбулаторлық ем тағайындалғандықтан, қайғылы жағдайға душар болдық" дейді. 

"Басында мұны сарыауру емес, ұшынып қалған деді. Біздің көшенің басында бір қыз ауырып бастады. Одан жұқпалы аурулар емханасына апарып жатқызды. Бір апта жатты ма, жатпады ма, 2 баланы мектепке әкелді. Ол балаларды не оқшаулаған жоқ, не алдын алған жоқ. Ақыры менің қызым ауырды, міне, нәтижесі осындай болып отыр. Сол сарыаурудан қайтыс болды, асқынып кеткен. Жансақтау бөлімінде жатқанда қасында болдым. Қарамағанның нәтижесінде осындай болып отыр, салғырттықтың кесірінен ғой", — дейді ол.  

Қазір бұл жағдай бойынша прокуратурада қылмыстық іс қозғалған. Әлі қорытындысы беймәлім. Ал ауыл тұрғындары үрей құшағында өмір сүруге мәжбүр. Өйткені мектепте сабақ әлі жалғасып жатыр. 


"Аурумен қарым-қатынаста болған 800-дей адамнан қан алынды. Жалпы 49 адамда тіркеліп, 25-і орталық ауруханада емделіп шықты. Алдын ала екпе жүріп жатыр. Ата-аналардың келісімімен 8-9-ына 90 балаға, бүгін 49 балаға, жалпы саны 139 балаға екпе жасалды дәрігерлердің рұқсатымен",- дейді  Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жескенбай Тілеуберлин.  

Жаппай екпе жасалып жатқанымен, аурудың қашан тоқтайтыны белгісіз. Өйткені гепатиттің неден шыққаны нақты анықталмаған. Елді алаңдатып отырғаны, ахуалдың асқынғанына қарамастан, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бірде-бір маман келмеген. Енді олар республикалық комиссиядан мәселенің мән-жайын жан-жақты тексеруін сұрап отыр.