Табиғи апат Қатонқарағай ауданы Шұбарағаш ауылынан да айналып өтпеді. Аталған ауыл маңындағы таудан 3 мың текше метр көлемінде қар көшкіні түсті. Оның 800-і өзенге түсті. Салдарынан өзен суы арнасынан асып, ауылды өзге елді мекендермен жалғайтын жолдың бойына төгілді.
Облыс әкімінің ақпараттық орталығында мәлімдегендей, енді ол жолмен жүру мүмкін емес. Марал өсірумен шұғылданатын шамамен 10 отбасы ауылдан не әрі, не бері шыға алмай қалды.
«Бір түнде сел тағы 5 метрге жылжыды, - дейді аудан әкімінің орынбасары, ТЖ бойынша аудандық комиссияның төрағасы Жанболат Тыныбеков. - Төңіректі түгел қарап шықтық, айналма жол мәселесін шешіп жатырмыз. Тек толассыз жауып жатқан жаңбыр кедергі болып тұрғаны. Оның үстіне, тағы сел жүру қаупі бар».
Қазір аудан әкімдігі «Қазселденқорғау» және «Қазгидромет» мамандарымен бірге ауа-райы өзгерістерін бақылауда.
Ауыл тұрғындарына қауіп жоқ. Алайда, «Қазигдрометтің» болжауынша, мұндай ауа-райы әлі біраз уақытқа дейін созылады. Сондықтан облыс тұрғындарына таулы жерлерге шықпауға және сақ жүруге кеңес берілді.
«Қазселденқорғау» және «Қазгидрометтің» мәліметінше, мұндай жайсыз ауа-райының әсерінен, Үлбі, Бұқтырма, Тұрғысын, Күршім және Қалжыр өзендерінің суы көтерілуі мүмкін.