ШҚО-да жантүршігерлік жол апаты болды. Бірнеше адам қаза тауып, үш адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
4 қарашада сағат 11.20 шамасында "Өскемен-Рахман қайнарлары" автожолында, 110 шақырымда - "Тойота Камри" және "Митсубиси" маркалы автокөліктері соқтығысып, жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан үш жолаушы сол жерде қайтыс болды. Тағы үш адам түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге жеткізілді.
"Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4 - бөлігі -көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыруы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды, болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда" - дейді Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков
Ауа-райының өзгеруіне байланысты полицейлер қыстың басталуымен жолдардағы қозғалыс ерекше назар аударуды қажет ететінін еске салады. Жылдамдықты асырмаңыз, жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневрлер мен басып озудан аулақ болыңыз, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болыңыз, айналаңыздағы жол жағдайын қадағалаңыз.