ШҚО-да жаппай төбелесті тамаққа тоймай қалған Қытай азаматтары бастаған

Төбелес «Kaz minerals» корпорацияның тау-байыту комбинатының асханасында басталыпты. Ірі кәсіпорынға жалданып жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтары «астың мөлшері аз»,-деп қосымша тамақ талап еткен. Ал жұмысшыларға шақталып даярланған астың артылмайтынын айтқан аспазға жұдырық ала жүгіріпті. Қытайлар араға түскен күзетшілерді де тепкілеген. Содан жаппай төбелеске жергілікті жұмысшылар араласқан. Тәртіпсіздікті оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері әрең тоқтатты. Салдарынан 31 адам жараланған. Оңбай таяқ жеген 21-і ауруханада жатыр. 

Юрий Старокожев, Өскемен қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері:

-Қазір науқастардың жағдайы тұрақты. Хал үстінде жатқан ешкім жоқ. Олар әлі 2-3 күн біздің бақылауымызда болады. Бірақ бүгіннің өзінде науқастардың біразын үйіне жібереміз.

Бұл оқиғаға қатысты «дене жарақатын салып, бұзақылық әрекет жасады»,-деген баптар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазір Ақтоғай кен орнындағы жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі істер органының қосымша күштері жұмылдырылды. Оқиға орнында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов бастаған арнайы комиссия жүр. Төбелес кесірінен бүгін Үкімет мүшелеріне де шұғыл жиын өткізуге тура келген. Тәртіпсіздікке себепкер болғандардың ешқайсы жауапсыз қалмайды деп сендірді шенеуніктер.  



Loading...