Жиналыс барысында жазасын өтеушілердің бостандыққа шыққаннан кейін оқып, жұмыспен қамтылу мәселесі де қаралды. Оған облыстық басқармалар мен прокуратура қатысты.
Пенитенциарлық мекемелердің негізінде өндірістік цехтарды құру, онда жұмыс істейтін мамандарды даярлау мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылды.
«Біздің басты міндетіміз - сотталушыларды мамандыққа тарту. Бостандыққа шыққаннан кейін олардың біраз уақыт өткесін қайта түрмеге қайтып келмеуі үшін жұмысқа орналасуына көмектесу керек. Олардың көбі жұмыссыздыққа тап болып, баспанасыз күйде жүргесін заңды бұзады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Сонымен бірге, Б.Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, қазір облыс басшылығы экономикалық өсімнің қосымша көздерін қарастырып жатыр. Олар жазасын өтеу орандарында құрылған өндірістік цехтар болуы мүмкін.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Айжан Садықованың сөзіне қарағанда, жазасын өтеушілердің оқудан өтіп, кәсіби бейімделген жұмысқа бағыттылуының маңызы зор. Соның арқасында олар еңбек нарығында бейімделе алады.
А.Садықованың пікірінше, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы хабарсыздық жазасын өтеу мекемелерінен бостандыққа шыққандардың жұмыспен қамту бөлімдеріне баруына кедергі келтіреді. Басқарманың мәліметтері бойынша, өткен жылы бостандыққа шыққан 802 адамнан облыстың жұмыспен қамту бөлімдеріне 189 адам ғана жүгінген.
Жиналыс қорытындысы бойынша, хаттама толтырылып, тыңдалған мәселелер бойынша сәйкес нұсқаулықтар қабылданды. Келесі жиналысты келесі айдың соңында өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығынан.