Кеңес барысында Т.Досмұханбетов, қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі соңғы жарыстарда көрсеткен жетістіктері, бұдан былай оларға деген назарды арттыратынын айтып, бұл беделді алдағы уақытта да ұстап қалу үшін, спортшылар допингпен ұсталып қалмауы тиістігін тапсырды.
«Бір құмалақ бір қарын майды шіртеді. Егер құраманың бір мүшесі ұсталса, бүтін команданың әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарындағы болашағына балта шабылды деген сөз», - деп атап өтті ол.
Министр, ауыр атлетшілер мен олардың бапкерлерінің қажымас еңбегінің арқасында жеткен жетістіктер «допингтің көмегі арқасында болды», деген жалған айыптар тағылмас үшін, бұл мәселені Ұлттық құраманың кеңесші-бапкері Энвер Туклериге жіті қадағалауда ұстауды тапсырды.
«Біз бір кездері допингтің кесірінен велокомандамызды жоғалттық. Оны әрең дегенде қазір ғана қайта аяғына тұрғыздық. Есесіне, үш жыл уақытты жоғалттық. Біздің команда (ред. - ауыр атлетшілер) мықты екендігін бәрі біледі. Сондықтан кез-келген уақытта допингке тексеріс жасауы мүмкін», - деді министр.