"Штрафстан атанып кеттік": Жаппай қойылған ақылы тұрақтардан қашан құтыламыз?

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы халықтың қалтасын қанап жатқан ақылы тұрақтардың мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы келді. 

Ол заңнаманы оқыған депутаттарда талай сұрақ туындады.

Бірінші мәселе бітпейтін айыппұл. Қазір Астананың әр бұрышында ақылы тұрақтар тұр. Сағатына 100 теңге төлемесең кемі 5000 теңге айыппұл салады. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. 

Ең сорақысы, қаладағы барлық ақылы тұрақтар жекеменшік компанияға берілген. Халықтан түскен ақшаның 70%-ы сол тұрақтарды басқаратын жеке компанияның қалтасына түседі, тек 30%-ы ғана қалалық бюджетке түседі. Мұны Астана қаласы әкімінің орынбасары растады. 

Екінші мәселе, кеңселердің айналасы да ақылы тұрақтардан тұрады. Көптеген кеңселердің өз тұрғаы болмағандықтан, қызметкерлер ақылы қоюға мәжбүр. Күніне 8 сағат тұраққа көлігін қойған кезде - 800 теңге, айына 30 000 теңгесі осы тұрақтың қаражатын жабуға кетеді.

"Халық қоғамдық көлікпен жүрсін деп қинау мүмкін емес, халықты қинап отырғыза алмайсыздар", - деді депутат.

Үшінші мәселе, Сергек. Сергек жекеменшік компания дейді. Оған түскен айыппұлдың неше % жекеменшік компанияға, неше % қала бюджетіне түседі? Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ. Жалғыз күре жолға автобус жолағын салып тастағандықтан, үлкен кептеліс пайда болады. Халық амалдың жоғынан осы жолаққа түседі, салдарынан айыппұл арқалайды. Бұл қолдан жасалатын айыппұл дейді Нартай Аралбайұлы.

Төртінші мәселе, пәтеріне көп адамды тіркеуге қойған үй иелеріне салынатын айыппұл 2 есе өседі дейді жаңа Заң жобасы бойынша. Бұл мәселені де мұқият ойлану керек. Мегаполистерге арнап тіркеудің тың тетігін ойлап табу шарт. Себебі өңірлерде әлеуметтік ахуал төмен болғандықтан халық үлкен қалаларға келуін тоқтатпайды.