"Шу шығарам деген ой болған жоқ": Заңгер жаңадан тағайындалған Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев туралы жазды 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. 

"Жаңа ТВ-ны қоссам, шұғыл ақпарат ретінде Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев тағайындалғанын жазып жатыр екен. Ешқашан сот төрағалары туралы жазбайтынмын. Сонда да пәлен жыл қызмет еткен салаң болғасын, елең ете қалады екенсің. Соңғы кездегі алып-қашпа сөздерді естіп, жаңа Қазақстаннан күдерді әбден үзгендей болғанбыз..Ал бүгінгі тағайындау сол үзілген үмітті жалғағандай болды. Себебін айтып кетейін.

Асламбек Мерғалиевты қалай таныдым?

Осыдан екі жыл бұрын Қостанай қалалық сотында бір іс бойынша қатысып жатқам. Судья мен хатшы тарапынан бірнеше қателік кетті. Оншалықты өрескел емес. Процесс кеш басталды. Соны қалжың пост ретінде жай жаза салғам, желіге. Бәле іздейтін ойым жоқ болатын. Ешкімді тегтеген де жоқпын. Шамалы уақыттан соң, Қостанай қалалық сотының төрағасы жауап жазыпты. Судья мен хатшыға ескертілгенін, енді қандай да бір қателік, не заңсыздық орын алса, ашық айтуымызды сұраныпты. Кеңсе меңгерушісі қайта-қайта жекеге жазып, кеткен кемшілікті талқыланғанын, енді орын алмайтындығын айтып, кешірім сұрап жатыр. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Басқа соттарда бұдан зор кемшілік орын алса да, ондай реакция болмайтынын айтып, себебін сұрағанымда, облыстық сот төрағасы тараптардың, халықтың сын-ескертпелерін, өтініштерін өзі қадағалап отыратынын, Қостанай облыстық соттарында орын алған жайттар бойынша дер кезінде талқылау жасайтынын айтты, кеңсе меңгерушісі. Сосын таң қалып, төрағаның аты-жөнін сұрадым. Асламбек Мерғалиев екен. Парақшасындағы бір жазбаның сілтемесін салып, “сіз айтқан мәселе туралы осы жазбасында жазды”-деді. Қарасам, екі тілде өте сауатты жазылған көлдей пост тұр. Одан бетер ыңғайсызданып кеттім. Соншалықты әңгіме, шу шығарам деген ой мүлде болмаған. Әдетім ғой, болған оқиғаны сүйкей салатын. Судьяны да түсініп тұрмын. Өз басымнан да өткен жайттар ғой.

Өмірімде бірінші рет танымайтын тараптың желіге жазған сынына үлкен жауаптылықпен қарайтын соттың төрағасын көргенім сол болды. Сосын екі жылдан соң, Қостанайдың аудандық соттарының бірінде тағы бір іске қатысып, ол жерде өрескел заңсыздық орын алды. Оны серьезный пост етіп, Жоғарғы Соттан бастап, тегтеп жазғанымды қайтейін, ешқандай жауап та, реакция да болмады. Тек судьяның хатшысы жауап жазды. “Мерғалиев мырза титтей кемшілікке назар аударып, дер кезінде шара көруші еді. Ол кісі демалыста емес пе?”-деп сұрадым. “
Мергалиев перевелся в другую область”-
деп, дүңк етті, хатшы қыз.", - деп еске алды Ләззат Ахатова.