Шығармашылық арқылы интеллект: клиптік ойлау дәуіріндегі сын-қатерлерге жауап

Жиырма жыл бұрын баланың басты «экраны» теледидар болса, негізгі білім көзі – кітап пен ұстаз еді. Ал бүгінде назар смартфонға, алгоритмдерге және шексіз ақпаратқа ауысты. YouTube, TikTok пен Instagram дәуірінде өскен буын әлемді өзгеше қабылдайды: тез, әсерлі, үзік-үзік. Алайда бұл қабылдау көбіне үстірт сипатқа ие.

Бұл құбылыс ғылым мен қоғамда «клиптік ойлау» деген атаумен белгілі. Оның салдары да алаңдатарлық: балалардың зейін қою қабілеті төмендеп, ұзақ уақыт бір іске шоғырлануы қиындайды, тез шаршау байқалады, ақпаратты терең ой елегінен өткізу мен талдау дағдысы әлсірейді. Осы тұста «15-20 жылдан кейін біз қандай қоғамда өмір сүреміз?» деген заңды сұрақ туындайды.

Осы мәселені шешудің жолдары, ақпаратты қабылдау мәдениетін жақсарту және оны саналы әрі сапалы тұтыну мүмкіндіктері «Шығармашылық арқылы интеллект: өнер – болашақ білімінің стратегиясы» атты шағын форум аясында талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Tan Art Residency ұйымы ұйымдастырған іс-шара Назарбаев орталығында өтті. 

Форум барысында музыкалық және көркемдік білімнің баланың интеллектісі мен когнитивтік қабілетін дамытудың жүйелі негізі ретіндегі маңызы қозғалды. Сонымен қатар өнердің талдай білетін, жауапкершілікті, ойлай алатын әрі жасампаз қоғам қалыптастырудағы стратегиялық рөлі айқындалды.

Форумда ғылым, өнер және арт-терапия саласының өкілдері сөз сөйледі. Атап айтсақ, өнертану кандидаты, PhD, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылым бөлімінің жетекшісі, «шығармашылық арқылы интеллектті дамыту» тұжырымдамасының авторы Татьяна Харламова; өнертану кандидаты, профессор, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми және шығармашылық қызмет пен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Раушан Нұртаза; суретші, арт-терапевт, ЮНЕСКО клубының мүшесі Светлана Руденко; гитарашы-орындаушы, халықаралық байқаулардың лауреаты Александр Геер бар.

Спикерлер бұл бағыттағы әлеуметтік-мәдени зерттеулерге тоқталып, «шығармашылық арқылы интеллект» моделінің Intellect Academy Dominanta білім беру жобасында қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Шығармашылықтың баланың қабілетін дамыту мен ойлау жүйесін өзгерту барысындағы ерекшеліктері айтылды. 

Баланың дамуына музыка арқылы жағдай жасауда ата-ананың рөліне ерекше мән берілді. Көрерменмен интерактивті жұмыс барысында ойлауын іске қосатын арт-терапиялық жаттығулар, музыка мектебіне қабылдау кезіндегі тыңдау үлгісі, ырғақтық ойындар сынды тәсілдер тәжірибе жүзінде көрсетілді. Ата-аналар тәжірибесін бөлісіп, балаларды оқыту кезінде кездесетін қиындықтарын ортаға салды. Сонымен қатар «Dominanta» академиясы оқушыларының шағын концерті өтті.

Мини-форум қатысушылардың белсенділігімен және жоғары қызығушылығымен ерекшеленді.