Шығыс пен Батыстың алтын жауһарлары Астана төрінен орын алады

«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» үшін бірігіп жұмыс жасаудың тағы бір жарқын көрінісі. Бұл жөнінде қазағым «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлікпен, татулықпен алға жылжитынымызды қанша ғасыр бұрын ұлағаттап айтып кеткен.

Халықаралық EXPO-2017 көрмесі «Болашақтың энергиясы» бүгінгі күні әлем тұтынып отырған энергия көздерінен күн, жел, теңіз, мұхит және термалды судан баламалы жаңа технологияны пайдалануға мүмкіндік ашады. Астана 2017 жылы жер жаһанға соңғы жетістіктерді паш етіп қана қоймай, осында дүниеге келетін жаңашылдықтың орталығына айналмақ. Бұл көрме халқымыздың өз жерінде ғаламның озық жетістіктерімен көріп танысудың және жаңа энергетикаға, «жасыл» технологияға ие болудың таптырмас мүмкіндігі.

Ғылыми таныстырылым мен ұсыныстармен қатар іскерлік және мәдени байланыстар орнайды. Шетелдік туристер ағыны ұлғаяды. Әлем еліміздің көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрімен танысады. Бұл орайда, еліміздегі музейлердің қосатын үлесі бір төбе. Солардың бірі де бірегейі, жас болса да, мәдени және ғылыми бағытта біраз жетістіктерге жеткен Қазақстан Республикасының Ұлттық музей қызметкерлері де осы бір ұлағатты іске өз үлестерін қосуда.

Музейдің барлық залдары бабаларымыздың тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін құнды жәдігерлерге толықтырылып, көптің көңілінен шығатын рухани азық болары анық. Сондай-ақ,  көрме аясындағы мәдени бағдарламалардың сәніне айналатын халықаралық  көрмелер де ұйымдастырылу үстінде. «Скифтердің алтын мұрасы» атты көрмесінде бүгінде әлем мәдениетінің алтын қазынасы болып табылатын скиф мәдениетінің зергерлік өнері, яғни қазақ жеріндегі соңғы жылдары жүргізілген археологиялық қазбалардан алынған бұрын соңды көрсетілмеген бірегей алтын бұйымдары, әйгілі қорған артефактілері халық назарына ұсынылады. Шетелден келетін көрмелердің қатарында Доха қаласындағы (Катар мемлекеті) Ислам өнері музейінің жиынтығынан Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен билік ету тарихына арналған «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі»,  Ежелгі Мысырдың археологиялық жәдігерлері, Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі тұрған әлемнің «сегізінші кереметі» «Цинь Шихуанди императордың Терракот әскері», сонымен бірге, ұзақ жылдар бойы Эрмитажда сақталған Шығыс пен Батыс қару өнерінің 200-ге жуық үлгілері ұсынылады. Бұл Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания және т.б. елдердің соғысқа, аңшылыққа және салтанатты шеруге арналған қарулары. Көрменің хронологиясы XV ғасырдан XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл көрмелердің бәрі осы жәдігерлерді тамашалауға алыс шетелге шыға алмай жүрген мәдениет пен өнерді жоғары бағалайтын жандар үшін  зор мүмкіндік екені сөзсіз.

Әрине жоғарыда аталған мәдени іс-шаралар EXPO-2017 көрмесі аясында жүргізілетін игі істің бір бөлігі ғана. Солай дей тұра, мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат» деген ұғым көрме тақырыбынан алыстамайтын секілді.


Айсұлу Тәуекелова

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері