Шығыс Қазақстан облыстық полициясы Быструха өзенінен мәйіттері оқ жарақаттарымен табылған төрт адамның өліміне қатысты істі тексеріп жатыр

Бұл қылмысты әшкерелеу үшін күшейтілген шұғыл тергеу тобы құрылды, тексеру барысын ішкі істер департаментінің басшысы айрықша қадағалауға алды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, Риддер-Барнаул тас жолынан 8 шақырым жерде, Быструха өзенінің жағалауында, "Кедровка" атты шаруа қожалығының маңында жергілікті тұрғындар өртеніп кеткен "Жигули" көлігін тапқан. Артынан өзеннен оқ тиіп өлген еуропалық нәсілді төрт ер адамның мәйіті табылды.

Алдын-ала шұғыл тергеу шаралары барысында Риддер тұрғындары болып табылатын төрт жәбірленушінің де аты-жөндері анықталды. Олардың бәрі де 19 -28 жас аралығында, екеуі бұған дейін қарақшылық шабуылдары үшін және денсаулығына ауыр зиян келтіру салдарынан жәбірленушіні өлімге душар ету жөніндегі қылмыстары үшін сотталған.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "қылмыстың жасалуына бір себеп - қара металл сынықтарын жинайтын кәсіпорыннан 260 мың теңгені ұрлау оқиғасы болуы мүмкін, жәбірленушінің екеуі осы кәсіпорында күзетші болып істеген".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті