"2006-жылдың 10 айында облыста 15 мың қылмыс тіркелген. Оның 1 проценті, немесе, 117 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа қатысты", деді ол. Соның ішінде мемлекеттік қызметкер тарапынан лауазымдық құзыретін асыра пайдалануға байланысты қылмыстар 22 процентті, жасанды құжаттар жасау 25 процентті, парақорлыққа қатысты қылмыстар 16 процентті құрады.
Мәселен, Х.Көшқалиевтің хабарлауынша, пара алғаны үшін кеден және салық қызметтерінің, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ, түрлі деңгейлі әкімдер ұсталды. Тұтастай алғанда әкімдер 14 сыбайлас жемқорлық қылмыстарға барған.
Бұған қоса облыс аудандары мен қалаларындағы атқарушы биліктің бірқатар бөлімдерінің жетекшілері де жемқорлыққа байланысты ұсталды.
Мәселен, Курчатов қаласында 120 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін қалалық қаржы бөлімінің бастығы құрықталды. Бородулиха ауданында жылжымайтын мүлік орталығының бөлім бастығы қызмет бабын пайдаланып мүдделі тұлғаларға жылжымайтын мүлікке иелік ететіндігі туралы жалған құжаттар берген. Абай ауданында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы есеп табеліне жалған қызметкерді қамту арқылы өзіне жүргізушінің жалақасын рәсімдеп алған.
"Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған күрделі жұмыстарды жүзеге асыру мақсаты тұр. Бұл іске мемлекеттік мекемелер мен қоғамды жаппай жұмылдыру қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімді әрі ашық жүйесін құру қажет",- деді кеңесте облыс әкімі Виктор Храпунов.
"Әркімнің пара беру немесе алу мүмкіндіктерін түбірімен жоятындай жағдай жасау қажет",- деді әкім.
Кеңеске облыстық және қалалық әкімшіліктердің, олардың бөлімшелерінің жетекшілері, прокуратура, қаржы полициясы, облыстық және Семей қалалық ІІБ-ның өкілдері қатысты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті