Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан Шүлбі су қоймасына батып кеткен балықшыларды іздеу қиынға соғуда

Мекеменің ақпараттарына сүйенсек, бүгін оқиға болған жерге тағы бес құтқарушы аттанып кетті. "Судан құтқару станциясының сүңгуірлері екі күн бойы суға батып кеткен балықшылардың денесін іздеуде, бірақ қатты соққан жел мен қалың қар, көзге түрткісіз тұман салдарынан олардың денесін табу мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ, су асты өте терең және су өте суық",- деп түсіндірді станциядағылар.

Бұрын хабарлағанымыздай, 27 желтоқсанда сағат 19 шамасында Шүлбі су қоймасына балық аулауға барған ішінде бес адамы бар УАЗ көлігі батып кеткен болатын. Екі адам батып, үшеуі аман қалды.

"Аймақтың барлық тұрғындарын мұздың әлі де жұқа екендігін ескерте отырып, кезекті қайғылы оқиғаны болдырмау үшін су қоймаларында сақ болуларын сұраймыз",- деп атап өтті мекемедегілер.