Атап айтқанда, Ішкі істер департаментінің қызметкерлері Шығыс Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратура органдарымен бірлесе отырып "Евангелиялық христиан-баптистер" діни бірлестігінің заңсыз іс-қызметінің жолын кескен.
Полициядағылардың түсіндіруінше, діни бірлестік заңды тіркеусіз облыс аумағында ғибадатхана ашқан, оған келетіндердің саны 35 адамға жеткен.
Бірлестік жетекшісіне 100 ең төменгі есептік көрсеткіш көлемінде (1 МЕК -1092 теңгеге тең) айыппұл салынды.
Сонымен қатар, Семейде пятидесятниктер деп аталған ағымның жетекшісіне тіркеусіз іс-қызметі үшін осындай сомаға айыппұл салынған.
"Таблиги джамаат" діни-миссионерлік қозғалысының екі жақтасы "әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынды". Полициядағылардың айтуынша, Алматы облысының 30 жастағы тұрғыны мен 50 жастағы семейлік Сосновка аулының тұрғындары арасында заңсыз миссионерлік іс-қызмет таратқан.
Заңсыз діни іс-қызметке байланысты тағы бір дерек Ақжал ауылында анықталып отыр. Жергілікті мешіттің имамында арнайы заңды тіркеуі болмаған. Оған ескерту жасалынды.