"Біз шикізаттың облыстан тысқары кетуін қаламаған болар едік. Сол себепті күш біріктіріп, кешенді жұмыс істеуді ұсынамын. Егер біз бытырау-тарау қимылдайтын болсақ, онда болашағымыз бұлыңғыр болмақ",- деді А.Кәрімов кеңеске қатысқан ет және тері өңдеу кәсіпорындарының жетекшілеріне арнаған өз сөзінде.
А.Кәрімовтың мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысынан 100 мың ірі қара мал мен 500 мыңдай қой тысқары шығарылған. "Бұл дегеніңіз, ет пен терінің ауқымды көлемі сыртқа шығарылды деген сөз",- деді ол.
Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінде алғашқы сатылы ет өңдеу цехтарының жұмысын қайтадан жаңғырту бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда. "Бұл жерде қарапайым мал сою цехтары туралы сөз қозғалып отыр. Қазір облыста осындай 4 цех бар. Қалғандарында қолайлы жағдайлар жасалмаған, шикізатты сапалы өңдеуге арналған тоңазытқыш камералар жоқ және сақтауға қажетті жағдайлар жасалмаған",- деді ол. Қазіргі жағдаймен өнім өңдеушілердің қолында ет өңдеуге арналған дұрыс жабдықтары жоқ. Ондай жабдықтар 1-3 млн. доллар тұрады. Сонымен бірге несиелендіру жүйесі де жетілдірілмеген.
А.Кәрімовтың айтуынша, "кейінгі кездері үкімет қаржылық қолдау жүйесін құру бағытында жеңілдіетілген несиелер беру, банк несиелерінің ставкасына субсидия бөлу, бюджеттен қаржыландыру сынды үлкен қадамдар жасай бастады". "Бір мал сою цехының жұмыын жандандыру үшін мемлекет көмек қолын созып, 20 млн. теңгеге дейін қолдау қаржысын бөлуде",- деді ол.