Шығыс Қазақстан облысында мол жауған жаңбырға байланысты көшкін болатын жерлерде бақылау күшейтілді

"Облыста жауған жаңбыр толастамай отырғандықтан, қазіргі уақытта Қотан-Қарағай мен Зыряновск аудандарындағы көшкін болатын жерлерді, әсіресе Шыңғыстай мен Путинцевск аумақтарын бақылау күшейтілді",- деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер әзірге бұл аймақтардағы ахуалдың орташа екендігін қоса отырып.

Сонымен қатар "Қазселқорғау" мемлекеттік басқармасының қызметкерлері Қотан-Қарағай ауданындағы мұздақты көлдер мен Тарбағатайдағы Сарымсақты өзенінің бастауында тексеру жүргізуде. Қазіргі уақытта сел қаупі төніп тұрған жоқ.

Сондай-ақ, осы күндері мол жауған жаңбырға байланысты Өскемен - Зыряновск тасжолының 22-ші шақырымында қияның опырылып түсу қаупі туды. Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен, "Қазселқорғау" кәсіпорыны мен жол қызметтерінің өкілдерінен тұратын комиссияның шешімімен тасжолдың 5-ші шақырымынан 46-шы шақырымына дейін жол жабылды. "Аталмыш учаскеде жару жұмыстарын жүргізу жолымен 200 текше метр көлемінде тас қия құлатылды. Жол қозғалысы 31-мамырда кешке ашылды", - деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

Бірақ төтенше жағдайлар департаментіндегілер қазіргі уақытта сел мен көшкін жүруі мүмкін екендігін ескертті. "Сел жүру қаупі бар орындарда тұратын тұрғындарға төніп тұрған қауіп туралы алдын-ала ескертіледі",- деп сендірді баспасөз қызметіндегілер.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті