Шығыс Қазақстан облысында өңірге келіп жатқан оралмандарды шоғырландыра орналастыру және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жиналыста Глубокое, Ұлан және Шемонаиха аудандарының әкімдерінің алдына нақты тапсырмалар қойылды.

"Біріншіден, олар оралмандарға жеке тұрғын үй салатын жер телімдерін бөліп, ол жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып берулері керек. Немесе басқа жол - жұмысшы кенттеріндегі бос тұрған көп пәтерлі тұрғын үйлерді қалпына келтірумен айналысулары қажет", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, аудан әкімдеріне оралмандардың жұмыспен қамтамасыз етілу мәселесін шешуге тапсырма берілді. "Келіп жатқан оралмандардың көпшілігі егіншілер мен малшылар. Сондықтан, қандастарымызға жер үлестерін бөліп беру аса өзекті болмақ", - деді Ә. Бергенов.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ШҚО әкімі биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін Глубокое, Ұлан және Шемонаиха аудандарының әрқайсысында 200 оралман отбасын шоғырландыра орналастыру және өздеріне жұмыс істейтіндей немесе жұмыспен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау бойынша кешенді бағдарлама жасап шығаруды тапсырды. "Алдағы уақытта 100 оралман отбасына қатысты жоғарыдағы мәселелерді шешумен Бородулиха және Зырянов аудандарының әкімдері айналысатын болады", - деп атап көрсетті әкімдік.