Ж. Кәрібжанов корпорация мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылатындығын және де оған ұлттық компания мәртебесі берілетінін еске сала кетті.
"Бұл саяси шешім, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны дамытуға белгілі көлемде қаржы бөлінеді. Ал, жалпы бұл корпорация Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының экономикасының локомотиві болады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының орталығы Семейде орналасады және бұл да кездейсоқтық емес. Бұл үшін қала барлық жақтарынан, яғни географиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да сәйкес келеді",- деді әкім.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы коммуналдық меншік, жер ресурстары, жылумен қамтамасыз ету сияқты салаларда жұмыс істейтін болады. "Меніңше, жұмыс жақсы ойластырылған жағдайда жоба аймақ экономикасына пайда әкеледі деп ойлаймын",- деп қорытындылады өз сөзін Шығыс Қазақстан облысының басшысы.
Бұрын хабарлағанымыздай, премьер-министр Даниал Ахметов Павлодар облысында "Ертіс" еркін экономикалық аймақ құру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін мақұлдаған болатын. Сол кезде, үкімет басшысы болашақта еркін экономикалық аймақтың осы өңірде құрылатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның негізгі элементтердің бірі болатындығын атап өткен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті