Шығыс Қазақстанда бір айда тоғыз үй өртенген

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Анастасия Склярдың айтуынша, облыста 208 мың жер үй бар. Бүгінгі күні депатрамент қызметкерлері осы үйлерді аралап, жылыту маусымында өрттің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Altaynews.kz.

— Өрт қауіпсіздігінің талаптары сақталмағандықтан , Шемонайха, Глубокое, Көкпекті аудандары мен Семей қаласында түтінге улану оқиғалары орын алған. Уланғандардың жетеуі — балалар. Шемонайха ауданында бір адам өрт салдарынан қаза тапты,-дейді А.Скляр.

Түтінге улану мен адам қазасына пештердің жылыту маусымына дайын еместігі мен адамдардың салғырттығы себеп болып отыр. Тұрғындар үш айда бір рет пеш мұржаларын ыстан тазартып, отын мен көмірдің сапасына мән берулері керек, — дейді төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.

Алдын алу жұмыстары барысында тұрмысы төмен отбасылары мен мүгедек жандардың үйлеріне түтіннің концентрациясын өлшейтін, сондай-ақ оның шамадан тыс мөлшерден асып кеткен жағдайда дыбыстық белгі беретін құрылғылар орнатылуда. Өткен жылыту маусымында мұндай құрылғы 20 үйге орнатылса, биыл 30 үйді дабыл қаққышпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Осындай дабыл қаққыштардың бірі жуықта өрт оқиғасы орын алып, бес бала зардап шеккен отбасының үйіне орнатылмақ.