Шығыс Қазақстанда бүтін бір ауыл ауыз суға жарымай отыр

Шығыстағы Переменовка елді мекенінің 100 жылдық тарихы бар. Ауыл боп қалыптасқалы бері мұндағы 180 үй жалғыз құдықтан су ішіп отыр. Оның өзі ащы.

Күлшан Беделбаева, Переменовка ауылының тұрғыны:

-Біздің ішкен суымызды сиыр да ішпейді! Ал біз ішіп отырмыз! Ауылдың адамдары адам емес пе екен? Бізге қашан жақсылық болады?

Ал жақында мұнда тасқын жүріп, су көзін күл-қоқыс басып қалыпты. Әкімдіктегілер сол кезде көрші ауылдан тіршілік нәрін тасымалдаған. Алайда ол да бірнеше күннен бері тоқтап қалды.Таза ауыз су құбырын тартып беру туралы тұрғындар әкімдерден талай сұраған. Десе де жағдай өзгеріссіз. Секен Саябаев ескі көлігімен көрші ауылға барып, су әкеліп жүрген екен. Енді темір тұлпары бұзылып, арбаға көшкен.

-Көлігі жоқ тұрғындар осылайша арба жегіп, көрші ауылға баруға мәжбүр. Күніне 6 шақырым жолға кем дегенде 1 сағат уақыт кетеді. Ал әкелінген су тек бір күнге жетеді екен.

Жиналысқа әкім шақырылғанымен, ауыл басшысы онда төбе көрсетпеді. Журналистерді жеке шақырып, су таситын тракторлары бұзылып қалғанын айтып ақталды. Ал құдықты тазартпас бұрын тасқыннан жиналған судың кетуін тосу керек екен. Оның үстіне, ауылға таза су тарту жақын болашақтың жоспарында да жоқ.


Болат Арғынбаев, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:  

-Ауылдағы халық саны тым аз. Құбыр тарту тиімсіз деп шешілді. Жердің астындағы су қорын бақылау керек. Ол үшін құжаттарды тапсырдық. Заң талаптары солай. Шыдау керек.

Ресей шекарасына жақын орналасқан Переменовка ауылы осылайша өркениеттен ада қалған. Мұндалар ұялы байланыстың да ырыздығын көрген емес.   

Loading...