Шығыс Қазақстан облысында салонында 27 жолаушысы бар жолаушылар автобусы аударылды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
ШҚО-да апта бойы сақталған сары шұнақ аяздың соңы жаңбырға ұласып, маңызды жолдардың барлығы мұзтайғаққа айналған. Енді күре жолдарда көлік қозғалысы қиындап кетті.
Сол көктайғақтың кесерінен Зайсан-Алматы бағытына шыққан автобус 28 жолаушысымен төңкеріліп қалған. Ал мұндағы жолаушыларды діттеген жеріне жеткізбек болған екінші автобус та жол апатына ұшырапты. Екі бірдей оқыс оқиғаны басынан өткерген жұрттың мәлімдеуінше, 4 адам сынық жарақатын алған. Қайта адам шығыны жоқ. Ал Семей- Курчатов жолында жүк көліктері жүруден қалды. Қазір Семейге қарасты 8 елді-мекенде төтенше жағдай жарияланған. Өйткені төрт түліктің қыстық жайылымы тарылып қырылудың аз-ақ алдында тұр. Шығынға батқалы тұрған 20 шаруа қожалығына жергілікті билік қала қазынасынан 15 млн. теңге бөлген. Қаржы жолдардарды ретке келтірумен қатар жем-шөпке де жұмсалуы тиіс.
"Жалпы, қысқа дайындықтары дұрыс болмаған. Бірақ оған қарамастан көмек беріп жатырмыз. Тамақ мен көмірге қаражат бөлінуде. Қалғанын өз есептерінен алуы керек", - деді Семей қалаcы әкімінің азаматтық қорғаныс және жұмылдыру дайындығы жөніндегі көмекшісі Берік Түсіпов.