Шығыста температура 20 градусқа көтерілгелі үйілген қар әп-сәтте еріген. Көл болып аққан сол су бірнеше ауылдың тұрғындарын састырды. Мәселен, Бородулиха ауданындағы Переменовка елді-мекенінде 184 адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр. Бала-шағасын жетектеген жұрт мектепке уақытша орналастырылған.
-Ойыншықтарды шашпаймыз, сындырмай ойнаңдар!
Мұнда небары жарты күн ішінде су деңгейі 70 см-ге дейін көтерілген. Құтқарушылар апат орнында күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Дмитрий Алябьев, Семей қалалық ТЖБ қызметкері:
-Тасқын салдарынан ауылдағы жалғыз құдық су астында қалды. Орталық құбыр болмаған соң, тіршілік нәрін көрші ауылдан әкеліп беріп отырдық. Тамақты да тасымалдауға тура келді.
Ал Абай ауданында Шаған өзені арнасынан көтеріліп, Саржал ауылына кірген. Су баспаналарына кірсе де, тұрғындар қауіпсіз жерге көшуден бас тартқан көрінеді.
Қазір Бородулиха-Жезкент, Семей-Өскемен бағытында жолдар жабық. Ауыл арасындағы көпірлер ағын судың екпінінен опырылып түскен. Оның қашан қалыпқа келтірілетіні белгісіз. Өңірде қар толық еріп бітпегендіктен, су басу қаупі әлі де сейілмей тұр.
Loading...