Шаған кентіндегі бұл үйдің ішінде мектеп бар десе, екінің бірі сене қоймайды. Кезіндегі сауда орталығының қоймасы қазір оқушылардың білім ошағына айналыпты. 4 бөлмеде 70 оқушы сығылысып сауат ашып жатыр.
Анаргүл Түсіпова, Шаған кентінің тұрғыны:
-Ешқандай спорт залы жоқ. Үйірмелер жоқ. Балаларды еш нәрсе қызықтырмайды. Өйткені жетіспейді кластар!
Кіре берістегі дәліз киім шешетін орынмен қатар мұғалімдер бөлмесі ретінде пайдаланылады. Ата-аналар сан мәрте қала мен облыс басшылығына шағымданыпты. Алайда, атқамінерлер күнде ертеңнен арыға бармаған.
Қымбат Семенбаева, Шаған кентінің тұрғыны:
-Көп балалы ана болғаннан кейін департаментке шейін бардым. Жаздым. Департамент басшысына кірдім. Міне-міне болды-болды деп неше жыл өтіп кетті!
Ғимарат жанындағы аядай бөлме спорт залы болып саналады. Тарлығы былай тұрсын, қажетті керек-жарақтары мүлдем жарамсыз. Шенеуніктердің мұнда ескі доптар мен кетеуі кеткен бірнеше шаңғы беруге ғана шамасы жетіпті.
-Мынау міне, әкімдердің бізге берген сыйлығы!
Мектепті тексеруге келген білім беру саласын бақылау департаментінің мамандары жағаларын ұстаған. Енді олар жаңа ғимарат салуды талап етпекші.
Жұмабек Қамбетов, ШҚО білім беру саласын бақылау департаменті аттестациялау комиссиясының төрағасы:
-4-ші сыныпта қазақ тілі мен математикадан, 9-шы сыныптарды биология, геометрия, дүние жүзі тарихы бойынша өтті. Білімдері өте таяз! Тестіден өткен жоқ.
Шаған кентінің әкімі болса алаңдайтындай ештеме жоқ деп, енжарлық танытып отыр. Қолда болашақ мектептің жобасы бар. Оның құрылысы тек екі жылдан кейін басталады екен. Әзірше оқушылардың ескі қоймада білім алудан басқа амалы болмай тұр.
-Шағандағы шағын мектеп мамандар өткізген тексеру кезінде ешбір талапқа сай болмай шықты. Қазір тиісті шағым әзірлену үстінде. Егер келесі сынақтан да сүрінетін болса, білім ошағының тағдыры сотта шешілмек.