Апта басында облыста ауа температурасы сынап бағанасы бойынша минус 35-ті көрсетіп тұрғаны сол еді, бір екі күннен соң күн күрт жылынды. Қатты құбылғаны сонша бүгін тіпті арты боранға ұласты. Қала сыртындағы жолдар ақтүтектен көрінбей, жұрт діттеген жерлеріне жете алмай діңкелеп жатыр.
- Я вот выехал но видимость плохая, не хочу рисковать обратно возвращаюсь вот в город.
Қыстың соңғы айында келген бұл бірінші боран. Толассыз жауған қардың биіктігі отыз сантиметрге дейін жетті. Ал қала сыртында қар аралас қатты жел соғып жатыр.
Аяулым Рыспаева, инженер-синоптик:
-Оңтүстік батыстан келген ауа массалары бізге осындай штормды әкеліп отыр. Ауа райының тұрақсыздығы байқалады. Қардың қатты жаууы мен желдің күшейуі байқалады.
Күннің бұлайша күрт құбылуынан басы ауырып балтыры сыздағандар да ауруханаларға ағылуда. Ақ халаттылар әсіресе қан қысымы жоғары және жүрегі науқастар мұндайға сезімтал келеді дейді.
Айжан Қайырғазы, дәрігер-кардиолог:
-Осы апта ішінде біз 30-ға жуық науқасты стационардан шығарсақ, міне осы күндері 30 науқас қайта кеп түсті. Ауа райының құбылуы аурулардың көбеюіне себеп болып отыр деп есептейміз.
Синоптиктер алдағы күндері өңірдегі жылы циклонның арты аязға ұласады деп ескертуде. Ақпанның сары аязы осы аптаның соңына таман сықырлап келіп қалуы да мүмкін.