Шығыс Қазақстанда полицейлер қос азаматтығы бар 48 адамды анықтады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қос азаматтығы бар 48 адамды анықтады.

Мысалы, Өскемен қаласының 59 жастағы тұрғыны 2021 жылдың мамыр айында көрші мемлекеттің азаматтығын алған, бірақ бұл туралы заңда белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарламаған.

"Шетелдіктің жеке куәлігі мен Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айыру туралы шешім тіркелді. Заңды бұзғаны үшін ер адам 200 АЕК көлемінде айыппұл төледі", – деп атап өтті ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары қос азаматтықты ресімдеген облыстың 48 тұрғынын анықтады, оның 9-ы сот шешімі бойынша ел аумағынан шығарылды.

ШҚО ПД көші-қон қызметі Қазақстанның Конституциясына сәйкес елімізде қос азаматтыққа жол берілмейтіндігін ескертті.