"Шымкенттің бюджет қоржыны жыл басынан 70% орындалды. Жоспарланған 3 млрд 500 млн теңгенің орнына қазынаға 1 млрд 15 млн теңге түспей қалған. Бұл түсімдер жеті түрлі ірі табыс баптары бойынша орындалмаған", - деп хабарлады қала әкімінің орынбасары ГауҺар Көпеева.
Есеп -қисап құжаттары бойынша былтырғы жылы Шымкенттің бюджет қоржыны 38 млрд теңгеге жоспарланған болатын. Алайда ол 29 млрд 175 млн теңгеге ғана толып орындалды.
Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев жаңартылған командасымен бірге бюджетті толтыру амалдарын қарастыруда. Табыс бөлігін "Нұрсат" ықшам ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекаға берілетін пәтерлерді сату арқылы толтыруға болады. Қаржыгерлердің есеп- қисабы бойынша табыс мөлшері 7 млрд теңгені құрауы мүмкін.
Алайда "Нұрсаттағы" үй құрылыстары толық тұрғызылмаған, ал оның жұмыстарын аяқтау үшін тиісті қаржы жоқ. Отырысқа қатысқан облыс әкімі Нұрғали Әшімов облыстық әкімшілік тарапынан 1 млрд теңге көлемінде қаржы қалалық бюджетке несие ретінде берілетінін хабарлады. Оның бір бөлігі еңбек ақы төлеуге, қалғаны құрылыс жұмыстарына жұмсалатын болады.
Сонымен қатар жер учаскелерін сату арқылы қала әкімдігі қомақты қаржыны ала алады. "Біздің болжам бойынша жерді сату арқылы бір жарым миллиард теңге түсуі мүмкін. Жалпы бұл мөлшер пессимистік жоспар бойынша қарастырылып отыр, ал іс жақсы жүретін болса онда оның мөлшері бұдан да жоғары болуы ықтимал ", - деді Г. Көпеева.
Алайда, жер учаскелерін сату процесін де алдын ала дайындау қажет. Ол үшін қаланың топографиясын түсіріп, қала дамуының бас жоспарын аяқтау керек. Бас жоспарды аяқтау мерзімі биылғы жылдың 1 мамырына белгіленіп отыр.
Жиналыста қала қазынасын толтыру жөнінде басқа да ұсыныстар айтылды. Мамандардың пайымдауынша көлік салығын алу құқығын қала әкімдігіне қайтару керек.
Сондай-ақ, қолдағы бар қаржыны тиімді пайдалану үшін қала әкімдігі кейбір сала бойынша бөлінген баптарды қысқартуды жоспарлап отыр.
"Қаланы гүлдендіруге және көгалдандыруға 2006 жылы 267 млн теңге бөлінсе, 2007 жылы бес есе көп қаржы белгіленіп, бір жарым миллиард теңге жұмсалды ", - деп хабарлады Г. Көпеева.
Қала билік өкілдерінің айтуынша биылғы жылы олар ағаш отырғызуға бөлінген қаржыны үнемдейтін болады. Әкім ағаштарды суғаруға мүмкіндігі бар жерлерде отырғызып, бір жылдық өсімдіктердің орнына көпжылдық гүлдерді отырғызуды тапсырды.