Шымкент әскери прокуратурасы екі әскердің қаза болу себептерін анықтады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, тамыз айының бастапқы күндері аталмыш бөлімшеде екі әскер қаза тапқан. Олардың бірі - Қостанайдан әскер қатарына жаңадан шақырылған 20 жастағы Рамиль Пашаев мойынға тиген қатты соққы салдарынан миына қан шауып қайтыс болған.

Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери прокуроры Мелдебек Әділбаевтың айтуынша, 1-тамыз, жексенбіде бөлімшеде алғырлар мен тапқырлар ойыны ұйымдастырылыпты. Взвод командирінің орынбасары, кіші сержант шені бар 22 жастағы Дәулет Д. есімді офицерге жас жауынгерлердің алғырлар мен тапқырлар ойынындағы мінез-құлқы ұнамай қалса керек. Ротаның мекен-тұрағына оралғаннан кейін 6 әскерді тізіп қойған Дәулет никельден жасалған төсектің бас темірін алып, әскерлердің мойнынан ұра бастаған. Соққыдан кейін Рамиль жығылып қалған. Оқиға орнында оған көрсетілген алғашқы дәрігерлік көмек нәтижесін бермепті. Бұдан кейін әскер Халықарлық Қазақ-Түрік университетінің ауруханасына жеткізілген. Бірақ, сол күйі есін жинамаған жауынгер ертеңінде көз жұмған.
Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің билігін асыра пайдалану салдарынан ауыр зардап шектіру жөніндегі 380-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, 2-тамызда тағы да осы бөлімшенің конвойлық батальоны орналасқан Хамза ауданында 19 жастағы Ақтөбелік әскердің мәйіті табылды. М.Әділбаевтың айтуынша, ол осы бөлімшедегі тағы бір әскердің әлімжеттік жасап, ақша бопсалауы салдарынан буынып өлген.
Бүгін таңертең әскери прокурор аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғауға тапсырма берді.