Шымкенттен Арыс қаласына бет алған 56 вагондық жүк пойызы әп-сәтте осылай үйіндіге айналып шыға келді. Астық пен сусыннан бастап улы күкірт қышқылына дейін тиеген 29 вагон шойынжолдан шығып кеткен. Улы сұйықтыққа толы сол 8 цистернаның үшеуі түгел жерге төгіліпті.
Апат болған теміржол бойындағы Көкбұлақ ауылының тұрғындары шұғыл қауіпсіз аумаққа көшірілді. Оқиға орнына келген шенділер тұрғындарға тіпті малдарын да алып кетуді ескертіп, 500 метрге дейінгі аумақты полицейлер қоршауға алды. Шалғайдағы туыстарының үйіне кетуге асыққан ауылдықтардың кейбірі ғана қалыпты.
Манас Үркімбаев, Көкбұлақ ауылының тұрғыны:
-Үйде емеспін мен, жұмыстан келгем. Келсем осындай болды. Үйдегілер қаш дегеннен кейін ағаларының үйіне жібердік. Мынадан көзіміз ашып жатыр ғой. Мынандай қапырық не деген иіс мынау.
Облыс әкімінің орынбасары бастаған атмамінерлер апаттан ешкім зардап шеккен жоқ деп отыр. Ал, химиялық заттардың зардабын жою кезінде аздап уланғандар сол жерде-ақ көмек алған. Адам шығыны болмаса да темір жолға келген шығын шаш етектен.
-Түс ауа сағат 5 жарымдар шамасында орын алған апат теміржолдың ойқы-шойқысын шығарды. Қазір, теміржол бойындағы жол қозғалысы мүлдем тоқтаған. Және оның қашан іске қосылары да белгісіз.
Шойынжолдың қирағанынан бөлек, бұл оқиға жұртқа ауыр тиді. Себебі, апаттан кейін 20-ға тарта жолаушы пойызы мен жүк тасыған вагондар құрамы жарты тәулік тұрып қалған. Күндіз-түні жұмыс істеген мамандар бір тәуліктен соң теміржолдың қос бұтағының біреуін ғана іске қосты.
Әсет Асаубаев, ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгi Көлiктiк бақылау комитетiнiң төрағасы:
-Рельсті қалпына келтірдік бір жағынан. КТЖ күштері қалпына келтірді. Жаңағы кешігіп жатқан 10 пойыз өтті. Тағы 9 пойыз өткізілу үстінде.
Теміржолдың екінші бұтағы таяу арада іске қосылады дейді министрліктің өкілі. Қазір, арнайы комиссия құрылып, келген шығын мен апаттың мән-жайы анықталып жатыр. 30 күн ішінде олар апаттың себептерін де атауы тиіс.