Оның айтуынша, қалалық білім беру басқармасы барлығы 17 мектептің директорын ауыстырып, кейбіреуін басқа мектептерге жіберсе, енді бір бөлігі қызметінен босатылған. Қалалық әкімшілік пен білім беру басқармасындағылардың пайымдауынша, мұндай ауыс-түйістер педагогикалық ұжымдардағы моральдық ахуалға оңды ықпалын тигізуі тиіс. Ж.Күзеубаевтың пікірінше, "директорлық лауазымды 10 жылдан артық атқарған адам тоқырауға ұшырайды".
Бұл тұжырымға мысал ретінде ол Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектепте қалыптасып отырған ахуалды атады. Ж.Күзеубаевтың айтуынша, бұл мектепте қолайсыз психологиялық ахуал қалыптасқан. Атап айтсақ, мектеп мұғалімдері директорды заңсыз алым-салықтар жинап қалта қақты, ешбір сылтау-себепсіз кадр алмастыруларын жүргізді және түрлі жаңжалдар туғызды деп айыптаған. Сөйтіп билік өкілдері мектеп директорын қызметтен босатып, педагогтардың талабын қабыл алды. Сондай-ақ, Ж.Күзеубаевтың айтуынша, мектепте қалыптасып отырған ахуал үшін қосымша жауапкершілік жүктеуі тиіс оқу ісінің меңгерушісі мен мектеп директорының орынбасары да жұмыстан шығарылды.