Шымкент тұрғыны полицейлердің аяусыз сабағанын айтып шу шығарды

26 жастағы зіңгіттей жігіт қазір өздігінен орнынан да тұра алмайды. Іш-құрылысы езіліп, миы шайқалып, төсекке таңылған. Мұраттың айтуынша, Еңбекші аудандық полициясынан сәуірдің 8-іне шақырту алып, барған кезде тепкінің астында қалған.

Мұрат Қасымов, жәбірленуші:

-Түсініктеме бересің деп телефон соққан. Полиция ғимаратына кіргенім сол еді, бір кабинетке кіргізі алып, әбден тепкіледі.

Мұрат сәуірдің үші күні достарымен моншаға барған екен. Ішінен мас күйде шыққан бойжеткен оның жағасынан алыпты. Сол жерде қыз бен жігіт арасында кикілжің туған. Кейін сол бойжеткен Мұраттан таяқ жедім деп полицияға арыз жазады.

Мұрат Қасымов, жәбірленуші:

-Қолыма кісен салып, 4 жігіт тепті. Кейін 4-ші қабатқа сүйреп тергеу бөліміне кіргізді. Ол жерде арызданған қызды көрдім. Полицейлер егер қызға 200 мың теңге, бізге 2 мың доллар бермесең сотталасың деп қорқытты.

Қазір Мұрат жарақаты мүмкіндік бермеген соң, тіпті толыққанды емде қабылдай алмайды. Дәрігерлер мүгедек болып қалуы мүмкін дейді оны.


Наурыз Манапов, дәрігер:

-Түскендегі диагнозы бас ми шайқалуы және оң бүйрек соғылуы. Таяқ жеген ғой.  Қолмен ұрған сияқты, может тепкен сияқты.

Алайда, полицейлер өзіне шаң жуытар емес. Қайта Мұраттың үстінен бойжеткенді ұрғаны бойынша іс қозғап, соны тексеріп жатыр екен. Дегенмен жігіт атын атаған тәртіп сақшыларының ісі тексерілетін болады.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз хатшысы:

-Азаматтың айтқан уәждерінің бәрі тексеріледі ІІД-нің қызметкерлерімен. Қайта айта кетейін орын алса міндетті түрде барлық қызметкерлер жауапкершілікке тартылады.

Тәртіп сақшыларының қаншалықты кінәлі екенін анықтау үшін алдымен Департаментке келіп, ішкі қауіпсіздік басқармасына арыз түсіру керек. Олардың қаншалықты заңды белден басқынан солар тексеретін болады.