Шымкентке Ауғанстаннан 22 оралман отбасы көшіп келді

Алдағы бірнеше күнде бұл елден Оңтүстік Қазақстан облысына тағы да 43 отбасы атажұртқа оралады.

Бұл жолы көшіп келген отбасылар көші-қон квотасына былтыр ие болған. Алайда, Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалға байланысты олар өткен жылы көше алмай қалған еді. Ауғанстан президенті Хамит Карзай оларды азаматтықтан шығару туралы жарлыққа тек биылғы жылдың сәуір айында ғана қол қойды.
Оралмандар үшін Кентау қаласында үй-жайлар әзірленген. Бұл мемлекеттен тікелей баспана алатын соңғы оралмандар тобы болмақ. 2004-жылдан бастап квота бойынша көшіп келгендерге баспананың орнына дайын ақша бөлінеді.
2004-жылы Оңтүстік Қазақстан облысына квота бойынша 1258 оралман отбасы көшіп келеді. Ал былтыр квота 558 отбасына бөлінген. Биылғы квота бойынша Өзбекстаннан 1148 отбасы, Түрікменстаннан 20 отбасы, басқа да ТМД елдерінен 10 отбасы, Ауғанстаннан 50 отбасы, Пәкістаннан 20 отбасы, Түркиядан 10 отбасы көшіп келеді.
Жалпы аланда тәуелсіздік жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысына 103 мың адамнан тұратын 27500 оралман отбасы қоныс аударды. Соның ішінде 3920 отбасы ғана квота бойынша көшіп келген.