Шымкентте 27 адам қаза тапқан ұшақ апатына байланысты сот басталды


Айыпталушы - Қанат Ақылбеков, «Қазаэронавигация» РМК шымкенттік филиалының диспетчері. Аталған іс бойынша тергеу оны осы қайғылы оқиғаның орын алуына айыпты деп тапты. Оны ҚР ҚК 295-бабының 3-тармағы бойынша айыптап отыр.

Осы іс бойынша 8 куәгер бар. Қ.Ақылбековтің өзі 2013 жылдың желтоқсанынан бері үй қамуына алынған.

Еске сала кетейік, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы Шымкент түбінде 2012 жылдың 25 желтоқсанында апатқа ұшыраған. Ол Астанадан Оңтүстік Қазақстан облысының  орталығына  бара жатқан. Ұшақ бортында болған 27 адамның бәрі қаза болды. Соның ішінде, 7 экипаж мүшесі де бар. Олардың арасында - Шекара қызметі директорының міндетін атқарушы полковник Тұрғанбек Стамбеков жұбайымен, оның орталық аппарат қызметінің офицерлер тобы, сонымен бірге, «Оңтүстік» шекара қызметі аймақтық басқармасының әскери қызметкерлері болған.