2013 жылдың желтоқсанында ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаменті шекара қызметкерлерімен бірлесіп «Әуежай - Шымкент» кедендік бекетіндегі тексеріс кезінде қомақты көлемде алтын бұйымдарын алып өтпек болған азаматты анықтады. № VSV - 488 «Ыстамбұл-Шымкент» бағытындағы әуерейсімен келген Қазақстан Республикасының азаматы алып өтпек болған бағалы бұйымдардың салмағы 2 келі 898 граммды құрады. Оны арнайы жабдықпен тінту кезінде декларациядан өтпегені және кедендік бақылаудан жасырылған 507 дана алтын әшекей бұйым бары анықталды.
ОҚО бойынша ҚБД Кедендік кіріс басқармасының 4 ақпандағы мәліметіне сәйкес, бұйымдардың жалпы құны 109 614 АҚШ долларын құрады. Кедендік төлемдер мен жиындар 5 458 785 теңгені құрады.
«Ағымдағы жылдың ақпанында департаменттің контрабандалық қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 209 бабының 2 тармағы бойынша (экономикалық контрабанда) қылмыстық іс қозғады» делінген хабарламада