Шымкентте 30 жастағы жігіттің өлімі үшін туыстары полицияны кінәлауда

Туыстарының айтуынша, Ғұламжан өзге біреудің емес, полицейлердің қолынан қаза тапқан. Көз алдында жүрген дені сау баласы бақилық болғалы бері анасы есін жия алмай, төсек тартып қалған. Әсіресе, 25 жасында жесір қалған келіншегі мен ұлдарына обал болды дейді әкесі.

Бегмат Тұрдықұлов, марқұмның әкесі:

-Екі баласы қалып отыр міне бірі 3 жасар, бірі 6 жасар әйелімен. Ол менің жасым 60-тан асып кеткенде маған да оңай емес қой. Бұл балдардың жасы жеткенше менің енді жасым қайтқанда бұларға аталық қыла алмаймын ғой бәрібір.

22-ші маусымның түнінде жолдастарымен тойдан қайтып келе жатқан Ғұламжан Тұрдықұловты жол-патрульдік полициясымен тағы бір көлік келіп тоқтатқан. Рөлде отырған Ғұламжанның ішкенін білген үш полицей, оны көліктеріне отырғызып алып кеткен.

Ихтияр Якубов,  марқұмның досы:

-Ғұламға қайта-қайта  қоңырау шалды. Көтермеді. Кейін дәрігер: «сенің досың реанимацияда жатыр» деді. Барсам жүріп кетіпті.  

Ал ішкі істер департаментінің өкілдері болған жәйтті марқұмның туыстары өзгеше түсіндірді дейді. Яғни полицейлер өзінің күнделікті жұмысымен айналысқан. Көлік ішіндегі жігіттердің ішкені рас және наркологиялық орталыққа алып бара жатқанда жүрегі тоқтап қалды деп отыр.


Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз хатшысы:

-Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, марқұмның жүрегі тоқтап қалған. Көлік ішінде.  

-Айта кету керек марқұм отырған жол-патрульдік экипажы жұмысын тоқтатқан жоқ. Себебі, кінәсі нақты анықталған жоқ дейді. Алайда, болған жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалды және бірнеше сараптама тағайындалды. Егер полицейлердің кінәсі дәлелденсе кінәлілер погонынан айырылғаны былай тұрсын, темір тордың аржағынан бір-ақ шығуы мүмкін.