Шымкентте ата-ана сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлауда

-7 айлық болса да, менің балам  ойнап, ата-апа деп сөйлеп қалған ғой.

Енді еңбектеп, тәтті қылығы көрінген сәбиінен айрылған ана ұлының жоқ екеніне сене алмайды. Туылғаннан сап-сау сәби бұған дейін ауырмаған да екен. Тек соңғы күндері тұмау тиген соң дәрігерлерге қаратып алу үшін анасы ауруханаға барған. Бірақ емдеу мекемесіне түскеннен бастап  мейірбикелерден зәрезап болдық дейді.

Алма Тұрсынбаева, анасы:

-Медикелер тамырын таппайды. Аяқтарын тесіп тастаған, қолдарын тесіп тастаған.Одан қалса системаның үстінен аттап жүр да. Мына системаны тазаламайсыз ба десем өзіме қарап айқайлайды.

Өкпе қабынуымен 4 күн жалпы палатада жатқан Әли бесінші күн дегенде жан тапсырған. Тек, баланың өлу себебін дәрігерлер туыстарына айта алмапты. Дегенмен кешірім сұрап келген дәрігерлер кінәсін мойындады дейді анасы.

-Мың ойласам да түсімде ештеңеге кірмейді. Ол ешкімнің ойына да келмейді. Баламды өлтіріп отыр ғой. 36/6 температурамен барған пневмонияның жеңіл түрі деп. Содан бала өледі ма?

Ал №1 аурухананың басшылығы өздеріне шаң жуытпайды. Мейірбикелер екпені шатастырып алуы мүмкін емес дейді. Сондықтан  ешкім жазаланбапты да.


Еркебай Бектаев, Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Балалар өте көп бізде. Тұмау ауруы көбейіп жатыр қазір. Асқыну көбейіп жатыр. Олардың бәрін қазір жұмыстан алсақ онда дәрігер қалмайды бізде, анау балалар қараусыз қалады.

-Кінәлі дәрігер тек тексерістің қорытындысынан соң жазаға тартылатын болады. Бірақ қорытындының қашан шығары белгісіз. Алайда шетінеген Әли Әшірбайдың жақындары мұны күткісі келмейді. Қазірдің өзінде прокуратураға шағым түсірген олар балалар ауруханасына қатысты Денсаулық сақтау министріне дейін арыз дайындап жатыр.