Шымкентте аудандық сот облыс әкімінің өкімін заңсыз деп тапты

Шымкент қаласы Қаратау аудандық соты Альбина Елшиева Балғабайқызының талап арызын қанағаттандырып, ОҚО Білім басқармасының басшысы қызметіне қайта тағайындау туралы шешім шығарды, деп жазады rgmedia.kz.

№ 5115-16-00-2/3727 істің көшірмесінде Қаратау аудандық соты судья А.Сапашевтың төрағалығымен сот отырысының хатшысы А.Рысбекованың, прокурор Ж.Мұқашевтың, арызданушының өкілдері М.Родцева мен Е.Мещеринаның, жауапкер өкілі А.Есмұрзаевтың қатысуымен Елшиева Альбина Балғабайқызының Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өзін жұмыстан заңсыз босатуын мойындау және қызметін қайта қалпына келтіру туралы азаматтық ісі бойынша ашық сот отырысында осындай шешім қабылдағаны айтылған. 2016 жылғы 20 қазанда шыққан шешімде "Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Альбина Балғабайқызы Елшиеваны жұмыстан босату туралы 2016 жылғы 9 наурыздағы №1-106р өкімін заңсыз деп танылсын, ол ОҚО Білім басқармасының басшысы қызметіне қайта орналастырылсын" делінген. Сот шешімі шұғыл түрде түрде орындалуға жатады.

Естеріңізге сала кетейік, танымал боксшы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің әйелі Альбина Елшиева бұған дейін ОҚО әкімдігін екі рет сотқа берген. Үшінші рет сотқа беріп, жеңіп шықты. Ал, оны қызметінен босату туралы өкімді ОҚО-ның экс-әкімі Бейбіт Атамқұлов шығарған. Б.Атамқұлов 7 қазанда орнын Ж.Түймебаевқа босатып, жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне басшы болып тағайындалды.