Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
– Хаттамалық шешімге сәйкес біз сары жолақты Рысқұлов даңғылының бойында, Дулати және Жібек жолы көшелерінің аралығына сыздық, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев. – Жолақ аялдамаға дейін 20 метр жерден басталып, аялдамадан кейін 20 метр өткен соң бітеді. Мұндағы мақсатымыз – бір жағынан жолаушы көліктерінің қозғалысын реттеу болса, екінші жағынан барлық көлік құралдары жүргізушілерін тәртіпке шақыруды көздейміз. Себебі, жол жүру ережесіне сай, сары жолақты басуға, ең бастысы, сары жолақ маңында тоқтауға тыйым салынған. Бұған қоса қоғамдық көлік жүргізушілері арасында бітпейтін жарысты да тоқтату көзделуде.
Айта кету керек, жолақ акриль бояуымен сызылады. Оның бағасы пластиктен бірнеше есе арзан. Дегенмен, жарамдылық мерзімі де қысқалау.
– Біз бұл жолақты тәжірибе ретінде сыздық. Алдағы уақытта тәжірибе сәтті жүзеге асып, қосымша проблема туындамаса, онда осындай жолақты Рысқұлов даңғылының ұзына бойына және Шымкенттің өзге көшелерінде сызуды жоспарлап отырмыз. Әрине, ені қосымша жолақ сызуға мүмкіндік беретін көшелерде, – деп қосты жауапты маман.
Бөлім басшысы орынбасарының айтуынша, келесі аптада жергілікті полиция қызметіне осы сары жолақ сызылған жерде бақылау жасау туралы хат жіберіледі. Сондықтан жауапты мамандар барша жүргізушілерді мұқият болып, қоғамдық көлікке кедергі келтірмеуге шақырады. Өйтпеген жағдайда ереже бұзғандарға әкімшілік жаза қолданылады. Еске салайық, қоғамдық көлік жолына шығу фактісі үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл кесу жазасы қарастырылған.