-Өрт түскі сағат 1-ден 56 кеткенде басталған. Оқиға орнына қалалық полиция бөлімімен, өрт сөндіру қызметінің басым бөлігі жұмылдырылды. Алайда, 2 сағаттан астам уақыт өтсе де қызыл жалын әлі басылар емес.
Өрттің ауқымдылығы сондай Шымкенттің кез-келген түкпірінен көрінеді. Құтқарушылар жалынмен арпалысып, кәсіпкерлер қоймадағы тауардың бір бөлігін шығарып әлекке түсті. Дегенмен лезде күш алған жалын азық-түліктен бастап, қағазға дейін сақталған нысанды түгел шарпыған.
Нұрбол Айымбетов, қойма жұмысшысы
-Бірінші қоймада макарондар бар еді. Екінші қоймада канцелериялық тауарлар , үшіншіде доңғалақ, одан кейін мото майлары болған. Бір 10-15 доңғалақты шығарыстық, бір қорап май шығардық. Болды, қалғаны жанып кетті.
Шығынның бер жағын айтсақ, бірнеше вагон макарон өнімдері мен 700-ге тарта көлік доңғалағы күлге айналған. Ал, бұл қоймада ондаған кәсіпкер тауарын сақтапты. Басшылық оларға ештеңе айта алмай, бас сауғалап, қашып жүр.
Татьяна Шнякина, кәсіпкер:
-Өзіміз 20 миллионға күйіп отырмыз. Қойманы айына 200 мың теңгеге жалға алатынбыз. Келісім бойынша оның ішіне күзет пен өрт қауіпсіздігі кіретін. Енді сол басшыларымыз бізге жауап бермей жатыр
Айта кетерлігі, қойма маңында міндетті түрде тұруы тиіс гидранттар болмағандықтан 20 өрт сөндіру көлігі арлы-берлі шапқылап, су тасумен болды. Қауіпсіздікке неліктен қалай болса, солай қарағанын басшылықтан сұрап біле алмадық. Полицейлер мен күзетшілер тілшілерді шенділердің маңына жолатпай қойды. Сондай тапсырма алса керек.
-Еу, өшір дедім ғой камераны саған?
Қызыл жалыны іргелес теміржол бойында да біраз қиындық тудырды. Қауіпсіздік талаптарына байланысты шойынжолдың үш бұтағында пойыздар тоқтап, электр сымдары тоқтан ажыратылды. Әзірге өрттің шығу себебі мен келген шығынның көлемі анықталған жоқ.