Шымкентте балалардың жаппай ВИЧ-індетін жұқтыруына қатысты іс бойынша сот процессінде куәгерлерді сұрау аяқталып келеді

"Біз негізгі тізім бойынша куәгерлерді сұрауды аяқтадық деуге болады", - деді кеше таңертеңгі мәжілісте сот отырысына төрағалық етуші Зиядинхан Пірнияз.

Оның сөзіне сәйкес, қазір сұрау мүмкін болмай отырған төрт адам ғана қалған. Бір куәгер қазір Астанада, екіншісі "Құмкөлде, 30-мамырда келеді", үшіншісі - қазіргі уақытта ауру, бірақ "өзімнің алдын-ала тергеу кезінде берген мәлімдемелерімді растаймын деген хат жіберген", ал төртінші адамның қазіргі күні қайда екені тіптен белгісіз. З. Пірнияз процесс қатысушыларына негізгі тізім бойынша куәгерлерді сұраққа алу процедурасы осымен аяқталуына көзқарастарын сұрады. Олар қарсылық білдірмеді.

Қосымша бірнеше куәгер айыпталушылар қорғаушыларының ұсынысы бойынша сұралады және жақын уақыттарда сот іс материалдарын қарауға көшеді.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста сот "соттық талқылаулар кезінде сотталушы әйелдер мен балалардың металл қоршаудың ішінде отыруына жол бермеу" туралы Жоғарғы соттың хатын оқып берді. Хатқа сәйкес, сот қарауылшыларды тұтқында отырған облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас бухгалтері Бақытгүл Серданова мен қан орталығының бұрынғы курьері Ш. Асанованы темір тордан шығаруды өтінді. Сотталушылар залға шықты, бірақ кісенде қала берді. "Хатта кісен туралы ештеңе жазылмаған, бұны қарауылшылар шешсін", - деп түсіндірді сот.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті