Басқарма мәліметі бойынша, №18 орта мектептің 10-сынып оқушысы 4-сәуірде жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. 8-сәуірде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің мамандары науқаспен қарым-қатынаста болған мұғалімдер мен оның сыныптас құрбыларынан сынамалар алды. Олардың қорытындысы 15-сәуірде белгілі болады.
Қазір СЭС мамандары науқастың тұрғылықты жерінде жұқпалы аурудың белең алуына қарсы шаралар қолдануда. Ал мектептегі онымен байланыста болғандар мектеп дәрігерінің бақылауына алынды.
Іш сүзегі - сальмонелла бактериялары түзетін, адамның аса ауыр ішек сырқаттарының бірі. Оған шалдыққан адамның қызуы көтеріліп, іші ауырып, денесіне бөрткен шығады. Ауру көбінесе су, тағам және арам қол арқылы жұғады.