Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жуықта Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қайтқан. "Сапар барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев пен Саид ибн Сұлтан аль-Нахаян атындағы гуманитарлық-қайырымдылық ұйымының бас директорының міндетін атқарушы Салим бин Убейд аль-Захари Шымкентте 3 млн долларға мешіт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды",- деп көрсетілген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, Абу-Даби қаласының муниципалитетінің есебінен "Нұрсат" ықшамауданында 120 орынды перзентхана салынып, оны толығымен заманауи жабдықтармен жабдықтау жоспарлануда. Бұл нысанның құрылысына араб елі 18 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйып отыр.
Мешіт пен перзентхана құрылысы туралы келісім жасау өткен жылдың күзіндегі Оңтүстік Қазақстан облысында өткен президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті, шейх Халифи бен Зайд аль-Нахаянның кездесуінде қол жеткізген келісім-шарттардан кейін ғана мүмкін болып отыр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті